Қазіргі таңда қоғамның дамуы мен өркендеуі тікелей ұрпақ тәрбиесіне байланысты. Ел ертеңі саналатын өскелең жас буынның бойына ұлттық құндылықтарды, адамгершілік қасиеттерді сіңіру - әрбір ата - ананың, ұстаздың және бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осы орайда елімізде жүзеге асырылып жатқан “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы - тәрбие жұмысын жүйелеудің және нәтижелілігін арттырудың тиімді құралына айналуда. Аталған бағдарлама аясында қолға алынған “Өнегелі 15 минут” бастамасы - соның жарқын мысалы.
“Өнегелі 15 минут” - бұл ата - ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға, отбасылық байланыстарды күшейтуге арналған қысқа, бірақ мазмұнды уақыт. Отбасында сыйластық пен сенімді арттыру, балаға өзін тыңдайтын, түсінетін ортада тәрбиеленіп жатқанын сезіндіру; және ата - ана мен бала арасындағы рухани байланысты нығайту мақсатында «Ақтөбе облыстық арнайы «мектеп - интернат - колледж» кешені» КММ оқушылары мен ата - аналары аталған жобаға өз үлестерін қосуда.







