«Дастархан тәрбиесі – дәм-тұз киесі. Одағай түрлері» кіріктірілген сабақ
Гуманитарлық пәндер және орта буын әдістемелік бірлестігінің апталығы аясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Б. Е. Айткалиева және 7 «Ә» сынып тәрбиешісі Л. Ж. Тажбенова 7 «Ә» сыныбында «Дастархан тәрбиесі – дәм-тұз киесі. Одағай түрлері» тақырыбында кіріктірілген сабақ өткізді.
Сабақтың мақсаты – оқушыларға ас ішу мәдениеті мен дастархан басындағы әдепті үйрету, «Ас – адамның арқауы» деген ұғымды түсіндіру, нан мен дәмнің киесін ұғындыру. Сонымен қатар жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып, ұлттық дәстүрді заманауи форматта насихаттау, одағай түрлерін ажырата білу және оларды дұрыс қолдану көзделді.
Сабақ барысында мұғалім «Бес қадам» әдісі арқылы өткен тақырыпты пысықтап, оқушыларға сұрақтар қойды. Оқушылар қойылған сұрақтарға толық жауап берді. Сабақтың тақырыбы мен оқу мақсаттарымен таныстырылып, апталықтың дәйексөзі айтылды.
Оқушылар одағайдың түрлерімен танысып, мәтін бойынша дастархан тәрбиесіне қатысты әдеп түрлерін атап шықты. Топтық жұмыс барысында «Дастархан әдебі» тақырыбында диалог құрастырды. Жасанды интеллект көмегімен педагогтер «Нан» және «Ас тұзы» туралы ақпарат ұсынды.
Оқушылар «Гексагон» әдісі арқылы берілген тапсырмаларды қызығушылықпен орындады. Жұптық жұмыс кезінде одағайларды тауып, олардың қай түріне жататынын ажыратты. Сонымен қатар тақырыпқа байланысты тест сұрақтарына жауап берді.
Сабақ барысында «Абайдың балалық шағындағы дастархан тағылымы» атты шағын көрініс қойылды. Оқушылар өз кейіпкерлерін жоғары шеберлікпен орындап шықты.
Сабақ виртуалды кейіпкердің бата беруімен қорытындыланды.







