«Тұрақтылықтың тұғыры – татулық» Мектебімізде ата-аналармен ерекше әсерге толы, жүрекке жылы кездесу өтті. Бұл басқосу — тек әңгіме алаңы ғана емес, өткен күндерді еске алып, балапанын мектеп табалдырығын алғаш аттаған сәттен бүгінгі есейген, саналы азамат болып қалыптасқан кезеңіне дейінгі жолды бірге шолған тағылымды кеш болды. Ата-аналар балаларының кішкентай кезін, алғаш мектепке жетектеп әкелген күндерін тебіреніспен еске алды. Сол бір алақандай бүлдіршіндердің бүгінде бойжетіп, азамат болып, үлкен өмірге қадам басқалы тұрғаны — барша жанның көңілін толқытты. Кездесу барысында шынайы әңгімелер айтылып, жүрекжарды тілектер білдірілді. Әрбір ата-ананың жанарынан қуанышпен қатар қимастық сезімі байқалды. Осындай татулық пен түсіністік орнаған ортада өскен ұрпақтың болашағы жарқын болары сөзсіз. Береке мен бірлік бар жерде — тұрақтылық бар. Ал тұрақтылықтың тұғыры — татулық.