Қалалық С.Бәйішев атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасында жоғарғы класс пен колледж оқушылары арасында 25 қазан Республика күніне орай ашық сабақ өтті. Ашық сабақты тәрбиеші Кыдыралина Б.Ж. “Жұлдызды сәт” интеллектуалды ойын ретінде ұйымдастырды. 5 турдан тұратын интеллектуалды ойынға оқушылар арасынан өз қалауларымен 5 оқушы қатысты. Ойын турлары оқушылардың өзін-өзі таныстыруларынан, Қазақстан Республикасына байланысты танымдық сұрақтардан, қызықты тапсырмалардан, көрермендермен ойыннан, финалдан құралды.
Сабақ барысында оқушылар бір-бірімен жарыса сұрақтарға жауап беріп, қызығушылық пен белсенділік танытып, өз білімдерімен өзара сынасты. Ашық сабаққа жоғарғы класс, колледж тәрбиешілерімен қатар қатысқан ата-аналар әділқазылар құрамына сайланып, оқушылардың білімдерін бағалады.
Сабақ соңында жеңімпаз анықталып, “Жұлдызды сәт” жеңімпазы атағын 10”б”класс оқушысы Мажитов Әділжан жеңіп алды. Сонымен қатар, барлық қатысушылар ойында белсенділік танытқандары үшін ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Интеллектуалды ойында балалардың ойлау, байланыстырып сөйлеу тілін дамытумен қатар, білімдерін сынау, сөздік қорларын молайту, танымдық қызығушылықтарын арттыру, өзара бас қосып ауызбіршілік, достық қасиеттерге тәрбиелеу мақсаттары көзделіп, сабақ өз мақсатына толық жетті. Ашық сабақ барысында ЗУМ платформасы арқылы басқа қалаларда онлайн форматта оқытылып отырған жоғарғы класс оқушылары да қатысты. Осылайша, сабақ 2 түрлі форматты қамтыды.







