Республика күні және Мемлекеттің егемендік декларациясының 35 жылдығына орай мектеп-интернат-колледжде ел тарихын дәріптеу мен отансүйгіштікке тәрбиелеу бағытында бірқатар мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылды.

Іс-шаралардың басты мақсаты - оқушылар мен студенттердің бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, елге деген құрмет пен мақтаныш сезімін қалыптастыру, Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жолындағы тарихи кезеңдерін терең таныту болды.

Бастауыш буын іс-шаралары
Есту және көру қабілетінде бұзылыстары бар бастауыш сынып оқушылары өз шығармашылық қабілеттерін паш етіп, Республика күніне арналған суреттер салып, Отан туралы өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар, «Республика күніне арнау» атты бейнеқұттықтаулар әзірленіп, кішкентай тәрбиеленушілер өз елдеріне деген сүйіспеншіліктерін жүрек жарды сөздерімен жеткізді.

Орта буын іс-шаралары
25 қазан күні орта буын оқушылары арасында «Менің Отаным - Қазақстан» атты бірыңғай тәрбие сағаты өтті. Сабақ барысында оқушылар Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерімен, тәуелсіздік тарихымен, елдің даму жолымен танысып, бейнероликтер тамашалап, өлеңдер оқыды. Бұл іс-шара оқушылардың елге деген құрметін арттырып, патриоттық сезімін күшейтті.

21 қазан күні 8 «А», 8 «Б», 8 «В» сынып оқушыларына патриоттық фильмдер көрсетіліп, көрермендер бейнематериал мазмұнын талқылап, сұрақтарға жауап беріп, белсенділік танытты.

Жоғары буын және колледж іс-шаралары
Жоғары буын оқушылары арасында тәрбиеші Сейтжапарова Гүлдерайым Жанабаевнаның ұйымдастыруымен «Менің елім - Қазақстаным!» тақырыбында ашық тәрбие сағаты өтті. Сабақтың мақсаты - оқушыларды отансүйгіштікке, ынтымақ пен бірлікке тәрбиелеу, елдің адал азаматы болуға баулу.

Колледж студенттері арасында да ел тарихын терең тану, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу және патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатында «Менің Отаным - Қазақстан!» атты тәрбие сағаты өткізілді. Студенттер еліміздің егемендігі мен тәуелсіздік жолындағы жетістіктер туралы өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.

23 қазан күні жоғары буын мен колледж студенттері арасында «Қазақстан - татулық ордасы» атты тәрбие сағаты ұйымдастырылып, қатысушылар еліміздің тарихи оқиғалары, ұлттық құндылықтары мен татулық дәстүрі туралы мағлұмат алды.

Өткізілген барлық іс-шаралар оқушылар мен студенттердің елге деген сүйіспеншілігін арттырып, Отанға деген мақтаныш сезімін, патриоттық рухты және бірлік пен бейбітшілік құндылықтарын дәріптеуге бағытталды.