Мектеп – бала жүрегіне білім шуағын сеуіп, оның тұлғалық қалыптасуына бағыт беретін қасиетті ұя. Ал ата-ана мен ұстаздың өзара үндестігі – сол ұядағы татулық пен тәрбиенің негізі. 2025 жылдың қазан айында мектеп қабырғасында өткен ата-аналар жиналыстары осы ортақ міндетті тереңдетіп, бала болашағына бірге алаңдайтын үлкен диалог алаңына айналды.

Алдымен 0 “Ә” сыныбында класс жетекшісі Г.С.Уканова мен тәрбиеші Б.Ж.Қыдыралина “Жүрек жылуы” атты жүрекке жылы тренинг ұйымдастырды. Бұл кездесудің мақсаты – ата-ананың бала жанын түсініп, оның сезім әлеміне үңілуіне ой салу, өз-өзіне баға бере отырып, тәрбие жайында ашық пікірлесуге жағдай жасау болды.

1 “А” сыныбындағы жиналыс та ерекше форматта өтті. Сынып жетекшісі Ж.Тогузова ата-аналарды белсенді тарта отырып, “Көңілді амандасу”, “Жақсы тілек”, “Ыстық микрофон”, “Біз біргеміз” атты бөлімдер арқылы жылы атмосфера қалыптастырды. Жиналыста отбасының бала тәрбиесіндегі рөлі, жақсы оқу әдеттерін қалыптастыру жолдары кеңінен сөз болды.

4 “Ә” сыныбында өткен кездесуде 1-тоқсан қорытындысы сараланып, оқушылардың білім деңгейі мен тәртібі жан-жақты талданды. Сынып жетекшісі С.Т.Разакова ата-аналармен бірлесе отырып, оқу сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстарымен бөлісті.

2 “Ә” сыныбында “Баланың басты ұстазы – ата-анасы” тақырыбында өткізілген жиналыс барысында отбасының рухани тәрбиедегі рөлі, баланың жан дүниесін түсіну маңыздылығы терең талқыланды.

3 “В” сыныбында “Повышение мотивации в учебе ребенка и индивидуальная траектория развития” тақырыбы төңірегінде баланың ішкі мотивациясын дамыту, жеке қабілеті мен оқу қарқынын ескере отырып, оның даму жолын айқындау мәселелері көтерілді.

4 “В” сыныбындағы ата-аналар жиналысында тоқсандық үлгерім, сабаққа қатысу, тәртіп мәдениеті қарастырылып, сынып жетекшісі Ж.Турмантаева ата-аналарды мектеппен тығыз байланыста болуға шақырды. Ата-аналар өз ұсыныстарын білдіріп, пікір алмасу жүргізді.

24 қазан күні 0 “А” сыныбында оқушылардың мектепке бейімделуі, ата-ананың тәрбиелік жауапкершілігі және күзгі демалыс кезіндегі қауіпсіздік ережелері жөнінде жан-жақты ақпарат берілді. Сынып жетекшісі Әлжанова А.Қ ата-аналармен ашық әрі мазмұнды әңгіме жүргізді.

6 “Ә” сыныбындағы кездесуде оқушылардың сабаққа қатысуы, есту қабілетін дамыту және сөйлеу тілін қалыптастыру бағытында ой бөлісіп, өзара пікір алмасты.

2025-2026 оқу жылының 1 тоқсаны соңында өткен  өткен ата-аналар жиналыстары мектеп пен ата-аналар арасындағы бірлікті арттырып, бала тәрбиесі мен білім сапасын жақсартуға тың серпін берді. Осындай ортақ жұмыстар арқылы ата-ана, оқушы және мұғалім арасындағы ынтымақтастық нығайып, баланың жарқын болашағына сенімді қадам жасалды.