2025 жылдың 29 қазан күні Ақтөбе облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының ұйымдастыруымен “Инклюзивті кітапхана: тең мүмкіндіктер” тақырыбында облыстық семинар өтті. Семинардың негізгі мақсаты – кітапханалардағы инклюзивті қызметті дамыту, әртүрлі мүмкіндігі бар оқырмандар үшін тең жағдай жасау және оқу процесінде ақпараттық қолжетімділікті қамтамасыз ету жолдарын талқылау болды.

Аталған семинарға “мектеп-интернат-колледж” кешенінің дефектологтары Г. А. Исикенова, Ж. Е. Габдуллина,  бастауыш сынып мұғалімдері Г. Е. Достанова және Ж. Б. Тұрмантаева қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Семинар барысында қатысушылар кітапханалық қызметтің инклюзивті модельдерін, соның ішінде визуалды және аудио ресурстарды қолдану, арнайы оқу құралдарын дайындау, түрлі жас ерекшелігі мен қабілетіне сай ақпаратты ұсыну жолдарын талқылады.

Сондай-ақ семинарда білім беру саласындағы инновациялық тәсілдер мен практикалық мысалдар қарастырылып, әртүрлі мүмкіндігі бар оқушыларға кітапхана қызметін қолжетімді ету тәжірибесімен бөлісілді. Қатысушылар пікір алмасып, өз жұмыстарында қолдануға болатын нақты әдіс-тәсілдер мен ұсыныстар алды. Шара соңында педагогтарымыз Алғыс хатпен марапатталды.