Қысқы демалыс кезеңінде әдістемелік бірлестіктердің жоспарына сәйкес педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, заманауи технологияларды меңгеруге және тәжірибе алмасуға бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізілді.

Эстетика және кәсіптік білім беру әдістемелік бірлестігінің жоспары аясында арнайы пән мұғалімі Г.Б. Сағынаева әріптестерімен «САПР бағдарламасы бойынша жұмыс істеу» тақырыбында тәжірибе бөлісті.

Іс-шара барысында педагог тігін өндірісінде қолданылатын САПР бағдарламасының мүмкіндіктерін жан-жақты таныстырды. Атап айтқанда, киімді жобалау, модельдеу және өндіру процестерін автоматтандыру, жұмыс дәлдігін арттыру, уақыт пен материалдық ресурстарды үнемдеу жолдары көрсетілді. Сонымен қатар, дайын үлгіні виртуалды манекенге кигізу және оның сыртқы көрінісін визуалды түрде бағалау мүмкіндіктері іс жүзінде көрсетілді. Мұндай цифрлық технологияларды қолдану өндірістік оқыту сапасын арттыруға және болашақ мамандардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге ықпал етеді.

Сондай-ақ өндірістік оқу шебері Г.С. Исмагилова әріптестеріне арналған шеберлік сағатын өткізді. Шеберлік сағатының тақырыбы – «Fade, Undercut, Pompadour: ер балаларға арналған заманауи стильді шаш қию техникасы».

Мастер-класс барысында заманауи ерлер шаш қиюының негізгі технологиялары, орындау кезеңдері және өндірістік оқыту сабақтарында қолдану әдістері көрсетілді. Қатысушылар кәсіби шеберлікті жетілдіруге бағытталған тәжірибелік жұмыстармен танысып, өзара пікір алмасты. Аталған шара тәжірибе бөлісуге, кәсіби құзыреттілікті арттыруға және заманауи сән үрдістерімен танысуға мүмкіндік берді.

Кәсіби тәжірибе – үздік нәтижеге жетудің кепілі. Үйрену мен үйрету – әрбір педагогтің басты миссиясы. Осындай кездесулер ұстаздардың үздіксіз дамуына және кәсіби ынтымақтастықтың нығаюына ықпал етеді.

Сонымен қатар, 2026 жылғы 16 қаңтарда жұмыс оқу жоспарына сәйкес дөңгелек үстел форматында орыс тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы А.Ж. Дауринбаеваның «Кәсіптік білім беру жүйесінде орыс тілі мен әдебиетін оқытудағы мәселелер» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалды.

Баяндамашы өзінің педагогикалық тәжірибесімен бөлісіп, білім беру үдерісінде кездесетін өзекті мәселелер мен оларды шешудің тиімді жолдары туралы ақпарат ұсынды. Қатысушылар оқыту сапасын арттыру, білім алушылардың пәнге қызығушылығын дамыту және кәсіби білім беру жағдайында тілдік құзыреттілікті қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Өткізілген іс-шаралар педагогтердің кәсіби шеберлігін жетілдіруге, инновациялық технологияларды меңгеруге және білім беру сапасын арттыруға бағытталған маңызды алаң болды. Тәжірибе алмасу мен үздік педагогикалық тәжірибелерді насихаттау жұмыстары алдағы уақытта да өз жалғасын табады.