Ақтөбе облыстық арнайы мектеп-интернат-колледж кешені кәсіптік білім беру сапасын арттыру, әлеуметтік серіктестікті дамыту және білім алушылардың кәсіби құзыреттілігін жетілдіру мақсатында бірқатар мекемелермен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

Атап айтқанда, оқу орны «Ақтөбе облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Жайсаң көпсалалы колледжі» КММ және «Ақтөбе сервис колледжі» МКҚК-мен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасты. Бұл құжаттар кәсіптік білім беру саласындағы серіктестікті нығайтуға, тәжірибе алмасуға және білім беру үдерісінің сапасын арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар, «ЖасStar» салонымен де өзара тиімді әріптестік орнату мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумның негізгі мақсаты – білім беру, кәсіби даму және шығармашылық бастамаларды бірлесіп жүзеге асыру арқылы екі тараптың әлеуетін арттыру.

Ынтымақтастық аясында бірлескен іс-шаралар, семинарлар мен шеберлік сағаттарын ұйымдастыру, тәжірибе алмасу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ жас мамандарды қолдау бағытында кешенді жұмыстар атқару жоспарлануда. Тараптар өзара сенім, ашықтық және серіктестік қағидаттарын негізге ала отырып, ұзақ мерзімді әрі нәтижелі ынтымақтастық орнатуға ниетті.

Мұндай серіктестік байланыстар білім алушылардың кәсіби даярлығын жетілдіруге, педагогтердің тәжірибесін байытуға және еңбек нарығының талаптарына сай білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.

Қол қойылған меморандумдар екіжақты байланысты одан әрі нығайтып, ортақ мақсаттарға жетуге, жаңа жобаларды жүзеге асыруға және кәсіби білім беру саласының дамуына тың серпін береді деп сенеміз.