Қысқы демалыс кезеңінде мектептің әдістемелік бірлестіктері жоспарға сәйкес отырыстар өткізіп, бірінші жартыжылдықтың қорытындыларын талдап, алдағы кезеңге арналған міндеттерді айқындады. Отырыстар барысында педагогтердің кәсіби дамуы, білім беру үдерісіне жаңа технологияларды енгізу және оқушылардың оқу-тәрбие жұмысын жетілдіру мәселелері қарастырылды.

Эстетика және кәсіптік білім беру әдістемелік бірлестігінің отырысында арнайы пән мұғалімі Б.М. Дүйсеналина «Жасанды интеллект деген не және оның қолданылуы» тақырыбында баяндама жасады. Баяндаманың негізгі мақсаты жасанды интеллект ұғымын түсіндіру, оның жұмыс істеу қағидаттары мен мүмкіндіктері туралы ақпарат беру болды.

Баяндама барысында жасанды интеллекттің білім беру, медицина, өндіріс, экономика және күнделікті өмір салаларындағы қолданылу ерекшеліктері жан-жақты қарастырылып, оның артықшылықтары мен ықтимал қауіптері талданды. Сонымен қатар, бірлестік мүшелері шығармашылық жұмыстарды ұйымдастыру, инклюзивті білім беру және цифрлық технологияларды тиімді пайдалану мәселелері бойынша тәжірибе алмасты.

Коррекциялық бағыттағы әдістемелік бірлестіктің отырысында арнайы педагогтер бірінші жартыжылдықтағы жұмыстарды қорытындылап, «Коррекциялық сабақтарда жаңа технологияларды қолдану тәсілдері» тақырыбындағы баяндаманы талқылады.

Отырыс барысында Classroomscreen, Teachy AI және Oazmath платформаларымен жұмыс жасау жолдары таныстырылды. Педагогтер бұл цифрлық құралдарды сабақтың көрнекілігін арттыру, тапсырмаларды жеңілдету және оқушылардың қызығушылығын дамыту мақсатында тиімді қолдану тәсілдерімен танысты.

Бастауыш сынып мұғалімдерінің әдістемелік бірлестік отырысында оқу жылының бірінші жартыжылдығы қорытындыланып, екінші жартыжылдыққа арналған жоспарға шолу жасалды.

Сонымен қатар, дайындық сынып оқушыларының мектепке бейімделуі мәселесі қарастырылды. Бұл бағытта мұғалімдер А.Қ. Әлжанова, Ғ.С. Уканова және Г.Б. Нұрмашева баяндамалар жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті. Оқушылардың мектеп өміріне бейімделу деңгейі талданып, педагогикалық қолдау көрсету жолдары талқыланды.

Бастауыш буын тәрбиешілері әдістемелік бірлестігінің отырысында бірінші жартыжылдықтағы тәрбие жұмыстары қорытындыланып, үшінші тоқсанға жоспарланған іс-шаралар қарастырылды.

Сондай-ақ тақырыптық апталықтарды ұйымдастырудың тиімді жолдары талқыланып, аттестаттаудан өтетін педагогтердің құжаттарын әзірлеу бойынша тәжірибе алмасу жүргізілді.

Гуманитарлық пәндер әдістемелік бірлестігінің отырысы «Оқу және цифрлық сауаттылыққа үйрету бағдарламаларын сабаққа кіріктіру» тақырыбында өтті.

Отырыстың мақсаты – оқу және цифрлық сауаттылықты дамыту бағдарламаларын сабақ үдерісіне тиімді енгізу жолдарын қарастыру болды. Жиында екінші тоқсан бойынша БЖБ және ТЖБ нәтижелеріне талдау жасалып, оқушылардың оқу жетістіктері сараланды. Сонымен қатар, дидактикалық және көрнекі материалдармен қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды.

Құрмаш Қ.Қ. «Ағылшын тілі сабақтарында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту және жазба тілін жетілдіру жолдары», ал Тарасенкова Н.А. «Современные подходы к развитию речевой деятельности на уроках русского языка» тақырыптарында баяндамалар жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Өткізілген әдістемелік бірлестік отырыстары педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, заманауи білім беру технологияларын меңгеруге және оқу-тәрбие үдерісінің сапасын жақсартуға бағытталды. Әдістемелік жұмыстар барысында тәжірибе алмасу, инновациялық тәсілдерді енгізу және оқушылардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Алдағы уақытта да педагогикалық ұжым білім сапасын арттыру мен кәсіби дамуды басты назарда ұстай отырып, жүйелі жұмыстарын жалғастыра береді.