2026 жылғы 18 сәуір күні Ақтөбе қаласындағы «Қуат» спорттық кешенінде волейболдан ұлттық санаттағы төреші, құрметті спорт ардагері Куженязов Қуаныш Зинулұлын еске алуға арналған волейбол турнирі жоғары деңгейде өтті.
Аталған шараға мұғалімдер командасы, оқушылар командасы, Ақтөбе облыстық арнайы түзетім мектебінің түлектерінен құралған екі команда және Қобда ауданы, Астрахань орта мектебі түлектерінің командасы қатысты.
Турнирдің негізгі мақсаты – Қ.З. Куженязовтың спорт саласына қосқан зор үлесін насихаттау, оның есімін жас ұрпақ жадында сақтау, сондай-ақ жастар арасында волейбол спортын дамыту және салауатты өмір салтын дәріптеу болды.
Шараға арнайы қонақтар қатысып, өз лебіздерін білдірді. Олардың қатарында Ақтөбе қалалық облыстық спорт ұйымының басшысы Махамбетов М., №2 ДЮСШ директоры, волейбол жаттықтырушысы, құрметті зейнеткер Молдағалиев Р.А., облыстық спорт әдіскері Досжанов Нурлан Нурадинович, Қ.З. Куженязовтың шәкірттері, Астрахань орта мектебінің түлектері, сондай-ақ Ақтөбе облысының волейболдан І санатты төрешілері Саламатов А.Е. мен Абелов М.М. болды.
Турнир барысында командалар жоғары дайындық пен тартысты ойын өрнегін көрсетті. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, спорттық шеберліктерін шыңдады.