Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай колледж студенттері арасында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға бағытталған бірқатар тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылды.

3 маусымда колледж білім алушылары арасында «Мемлекеттік рәміздер – ел мәртебесі» тақырыбында тәрбие сағаты өткізілді. Іс-шара барысында студенттер Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің тарихы, маңызы және ел бірлігін нығайтудағы рөлі туралы ақпарат алды. Тәрбие сағаты жастардың Отанға деген сүйіспеншілігі мен құрмет сезімдерін арттыруға ықпал етті.

5 маусымда «Рәміздерім – мақтанышым» тақырыбында тәрбие сағаты ұйымдастырылды. Шара барысында мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұранның шығу тарихы мен мағынасы таныстырылып, тақырыпқа байланысты мазмұнды бейнеролик көрсетілді. Студенттер мемлекеттік рәміздердің ел тәуелсіздігі мен ұлттық бірегейлікті танытудағы маңызын тереңірек түсінді.

Сондай-ақ, колледж студенттері арасында «Мемлекеттік рәміздер туралы білеміз бе?» тақырыбында викторина өткізілді. Викторина барысында білім алушылар қойылған сұрақтарға белсенді жауап беріп, өз білімдерін ортаға салды. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздер туралы тың мәліметтермен танысып, білімдерін толықтырды.

Аталған іс-шаралардың негізгі мақсаты – студенттердің Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы білімдерін кеңейту, патриоттық сезімдерін қалыптастыру, азаматтық жауапкершілігін арттыру және ұлттық құндылықтарға деген құрметін нығайту.

Қорытындылай келе, өткізілген тәрбиелік іс-шаралар жастардың бойында елжандылық қасиеттерді қалыптастыруға, мемлекеттік рәміздерге деген мақтаныш сезімін арттыруға және Қазақстанның саналы, жауапты азаматы болуға ұмтылысын нығайтуға бағытталды.

Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміздің айғағы, елдігіміздің белгісі және ұлттық мақтанышымыз!