Ақтөбе облыстық арнайы «мектеп-интернат-колледж» кешені 2026 жылдың 12 қыркүйек күні өткен «Гүлдер әлемі» қалалық фестиваліне «Ақтөбе эко-флорасы: Екінші өмір тапқан сирек гүлдер» шығармашылық жобасымен қатысты.
Жобаның негізгі идеясы — сирек кездесетін гүлдерді жұлмай, олардың бейнесін қолжетімді және қайта пайдалануға жарамды материалдардан жасау арқылы табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру. Жұмыстарда жіп қиындылары, мата қалдықтары, фоамиран, гофра қағаз, флористикалық материалдар қолданылды.
Жоба ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылардың қоғамға бейімделуіне, еңбек дағдыларын меңгеруіне, ұсақ қол моторикасын, дербестігін және шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған. Сонымен қатар бұл бастама «Таза Қазақстан» идеяларымен үндесіп, табиғатты аялау мен экологиялық жауапкершілікті насихаттайды.
Жұмыс авторлары: 10 «ә» арнайы сынып білім алушылары Сатыбалды Аянат, Мақсатқызы Жеңісгүл.
Жоба жетекшілері: А.Ә. Тубетбаева — экологиялық бағыт, Р.Т. Алитурлиева — көркем-шығармашылық және кәсіптік-еңбек бағыты.
Ұранымыз:
«Сирек гүлді жұлма — бейнесін жаса!
Қалдықты тастама — екінші өмір сыйла!»