2026 жылдың 20 қазанында мектебімізде «Адал азамат» Біртұтас тәрбие бағдарламасының бағыттарын жүзеге асыру мақсатында 8 «Ә» және 7 «Б» сынып оқушыларымен ауқымды тәрбие сағаты өткізілді. Мұғалім-дефектологтар А. Б. Жумагазина, Г. А. Исикенова, С. Т. Көкжаеваның ұйымдастыруымен өткен шара «Болашақ эко қала» экологиялық квизі форматында ұйымдастырылды.
Тәрбие сағатының негізгі мақсаты — өскелең ұрпақтың бойында туған жерге деген сүйіспеншілікті, ортақ мүлікке жауапкершілікпен қарауды, саналы патриотизм мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру болды. Ұстаздар оқушыларды туған қаласы мен мекенінің тазалығына үлес қосуға, табиғатты аялауға, экологиялық мәдениетті арттыруға және қоршаған ортаны қорғауды өмірлік ұстаным етуге тәрбиелеуді көздеді.
Интерактивті ойын түрінде өткен квизде оқушылар қоршаған ортаны қорғау, қалдықтарды сұрыптау, табиғи ресурстарды үнемдеу төңірегіндегі сұрақтарға жауап берді. Ерекше қажеттіліктері бар балалардың да белсенді қатысуы қамтамасыз етіліп, инклюзивті орта сәтті көрініс тапты. Топтық жұмыстар барысында оқушылар өздері тұратын аймақты таза ұстаудың маңызын айтып, «Болашақ эко қала» тақырыбында өз идеяларын ортаға салды.
Шара соңында мұғалімдер оқушылардың белсенділігін жоғары бағалап, табиғатты қорғау әрбір «Адал азаматтың» басты міндеті екенін атап өтті. Сабақ өз мақсатына жетіп, қатысушыларға үлкен тәрбиелік азық сыйлады.
https://sch.edugov.kz/kz/247/1512-adal-azamat-ba-darlamasy-o-ushylar-bolasha-eko-alany-modelin-tal-ylady.html#sigFreeId675c23d03c







